Мемлекеттік рəміздерге деген құрмет балабақша қабырғасында қалыптасады - Балабақша меңгерушісі Мейрамгүл Махамбетова

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балабақша ұлт болашағы - өскелең ұрпақты тәрбиелеудің басты баспалдағы болып табылатыны белгілі. Баланың өз отаны, елі, мемлекеттік рәміздері туралы түсінігі балабақша қабырғасында қалыптасады. Бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматыдағы № 93 бөбекжайдың меңгерушісі Мейрамгүл Махамбетова бүлдіршіндердің ұлттық нышандармен қалай танысатынын айтып берді.

- Балалардың өз елінің мемлекеттік рəміздері туралы түсінігін балабақша қабырғасында қалыптастырудың маңызы қандай?

- Балалардың өз еліне деген сүйіспеншілігін бүлдіршін кезінен санасына сіңіру өте маңызды. Осы орайда болашақ ұрпаққа патриоттық тəрбие беруде балабақшалардың қосатын үлесі зор. Мектепке дейінгі кезеңдегі балаға рухани-патриоттық тәрбие беру күрделі педагогикалық кезең болып табылады. Балабақшадағы рухани-патриоттық сезімге тәрбиелеу жұмысы баланы өз отбасына, үйіне, балабақшасына, көшесіне және қаласына деген сүйіспеншілік сезімге тәрбиелеуге, табиғатты және қоршаған ортаны аялай білуге үйретеді. Бақша қабырғасында еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу, қазақ халқының салт-дәстүріне және әдет-ғұрпына қызығушылығын ояту, Қазақстанның қалалары туралы түсініктерін кеңейту және балаларды мемлекеттік рәміздермен таныстыру міндетті түрде жүзеге асады.

- Осы орайда балабақша қабырғасында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

- Мемлекеттік рәміздер туралы білім күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті, ертеңгіліктер, іс-шаралар арқылы беріліп отырады. Бақша бөбектері күнде ертеңгісін мемлекеттік əнұранды үлкен ынтамен орындайды. Биылғы оқу жылында өткізілген мынадай шаралар менің сөзіме дәлел болады. «Тәуелсіздік-тұғырым», «Тұңғыш Елбасы», «Тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұрпақтары» атты көрме, «Отанымның мен кішкентай тірегі» ойын-сауық шарасы, «Гүлдене бер, туған елім Қазақстан», «Мен қазақпын», «Бірлігіміз жарасқан» сурет көрмелері өткізілді.

- Педагог маман ретінде балаға қай жасынан бастап әнұран, ту, елтаңба туралы мағлұматты түсіндіруге кеңес бересіз?

- Педагог рухани-патриоттық сезімге тәрбиелеу міндетін шешу барысында балалардың жас ерекшеліктерін ескере отыруы қажет. Осы орайда мемлекеттік рәміздермен таныстыру балабақшаның ересектер тобы балаларымен жүргізіледі.

- Бақшада тәрбиеленіп жатқан өзге ұлт өкілдері мемлекеттік рәміздер туралы ақпараттан хабардар ма? Әнұранды жатқа айта ма, жалпы қазақ тілін жақсы меңгерді ме?

- Өз отанының азаматы және патриоты болу үшін міндетті түрде ұлтаралық сүйіспеншілік болу керек. Балабақшадан бастап басқа ұлт өкілдерінің қызығушылығын дұрыс қадағалап, бағыт-бағдар беру - ең басты мəселе. Біздің балабақшада кәріс, орыс, неміс, ұйғыр ұлт өкілдері балалары тәлім-тәрбиені қазақ тілінде алады. Мемлекеттік рәміздер туралы білімдері де өте кең, әнұранды жатқа айтады. Ортаңғы топ бүлдіршіні Парсаева Лиза, мектепке дейінгі даярлық тобының балалары Чурин Егор, Баранова Вика қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Баранова Вика тестілеу қорытындысымен қазақ мектебінің бірінші сыныбына қабылданды. «Қазақстандықтардың отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті мәселе болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды,аса жауапты да қадірменді парызы», -деген Мемлекет басшысының қанатты сөзін бүгінде ұстаздар қауымы үлкен ыждаһаттылығымен орындап келеді.

- Əңгімеңізге рахмет.