Мемлекеттік рәміздердің қолданысы кеңейеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов хабарлады. «Тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі мемлекеттік рәміздер болып табылады. Осы орайда тәуелсіздік пен патриотизм идеясының көркем бейнесін мемлекеттік туымыздан, елтаңбамыздан және әнұранымыздан көре аламыз. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселесі жасөспірімдер мен жастарға патриоттық тәрбие беру және қазақстандық біртектілікті нығайту жүйесінің аса маңызды құрамдас бөлігі екені даусыз. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға мемлекеттік рәміздердің пайдалану тәжірибесін кеңейтуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр»,- деді министрдің орынбасары Мәжілісте сөйлеген сөзінде.

Заң жобасымен мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен насихаттау бойынша Үкімет пен өкілетті органның құзыретін нақтылайтын, мемлекеттік рәміздер күнінің ережелерін дайындайтын түзетулер енгізілген. Марат Әзілхановтың айтуынша, мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу ережелерін бекіту Үкіметтің құзыретіне кіреді. - Жыл сайын 4 маусым - мемлекеттік рәміздер күнінде тойланатын мерекеге мынадай міндетті нормаларды жаңадан енгізуді ұсынып отырмыз: мемлекеттік әнұран орындалып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты жағдайда көтеріледі; мемлекеттік әнұранды бір мезгілде орындауды қамтамасыз ететін акциялар өткізіледі; еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталады; әртүрлі байқаулар, викториналар және т.б. іс-шараларды ұйымдастырылады; әкімшілік мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант береді,- деп түсіндірді М. Әзілханов.

Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері бойынша сарапшылар кеңесі құрылады. Сонымен қатар, заңнамалық құжатта Қазақстан аумағында қызмет ететін шетелдік ұйымдардың туларын Қазақстанның мемлекеттік туымен бірге қолдануды қарастыратын нормалар да енгізілген. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары аталған заң жобасын дайындау барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің озық тәжірибесі қолданылғанын атап айтты. Түптеп келгенде, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Әмірлан Әлімжан