Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет - елге, жерге Отанға деген құрметті білдіреді - Р. Халмурадов

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат -  Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет - елге, жерге Отанға деген құрметті білдіреді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Розақұл Халмурадов осылай мәлім етті.

«Мемлекеттік рәміздер қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар Тұңғыш Президент Н. Назарбаев өз сөзінде «Біз тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені, олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», деген болатын. Шындығында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті әрқайсымыз өзіміздің жүрегімізге ұйытып, жастарымыздың құлағына, жүрегіне, сана-сезіміне де сіңірсек қана, олар Отанының нағыз патриоты болып өседі», - деді Р. Халмурадов.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет - елге, жерге Отанға деген құрметті білдіреді. Сол себепті Көк Туымыз көгімізде желбірегенде, Әнұран орындалғанда тік тұрып, оң қолымызды жүрекке ұстап тыңдауды насихаттау саясаттың басымдық бағыты болуы қажет.

«Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толады. Оны лайықты атап өтуге қатысты іс-шаралар жоспары да бекітілген. Бүгінгі қаралып жатқан заң жобасы мемлекеттік рәміздердің стандарттарын сақтауға, дұрыс пайдалануға тәрбиелейді. Бұл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толуына Парламент депутаттарының қосқан үлесі деп білемін», - деді Р. Халмурадов.