«Мемлекеттік рәмізді қорлаған тауарлар кеденнен қалай өткен?!» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 11-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 11-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, түрлі аурулардан болған адам өлімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын көрінеді. Қант диабеті, туберкулез, остеопороз сияқты дерттердің бәрі - айналып келгенде, дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулар. Бұл дерттерді дұрыс тамақтану арқылы жоюға болады. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінің «Дат» айдарында басылған Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановпен арадағы сұхбаттан егжей-тегжейлі оқи аласыздар. Екеуара әңгіме «Адам өлімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайды» деген тақырыппен берілген.

Сіз естідіңіз бе? Америкалық әскерлер қазақ тілін меңгермек. Бұл жағымды ақпаратты «Алаш айнасы» газеті таратып отыр. «АҚШ Әскери әуе күштері қолбасшылығы әлем тілдерін меңгеремін деген әскери қызметкерлеріне қаржылай өтемақы төлеуге әзір. Американ әскерилері үйренуі тиіс тілдердің арасында қазақ тілі де бар», деп жазады басылым.

«Қарағандының киім-кешек сатылатын орталық базарында еліміздің туының кішкентай көшірмесіндей, ерлердің ішкиімдері сатылып жатыр! Бағасы 250-300 теңге тұрады. Шығарушы - Қытай Халық Республикасының шағын трикотаж фабрикалары. Сатушы - Қарағанды базарын жаулап алған қырғыз әйелдері. Ышқырындағы резеңке тұсына туымыз түстес көгілдір жолақ жүргізген. Жолақта тура тудағы сары бояумен «Қазақстан» деген сөз баттита ағылшынша жазылған. Сол жағының сан тұсында - Қазақстан картасы! Картаның дәл ортасында - Алтын күніміз, күн астында қанат жайған қайран қыранымыз!..», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл туралы басылымның бейсенбілік нөмірінде жарияланған «Мемлекеттік рәмізді қорлаған тауарлар кеденнен қалай өткен?!» атты мақалада жан-жақты баяндалған.

***

Адамды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейтін Исламды бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі ұстанады деп айтқанымызбен, кейбір бауырларымыз басқа дін өкілдерінің жетегінде жүргендігі шындық. Дегенмен, өзге ұлттан да Исламды қабылдап жатқандар бар. Солардың бірі Андрей Дорофеевпен арадағы сұхбат «Нұр Астана» газетінің бейсенбілік санында «Қиямет күні әркім тек өзі үшін жауап береді» деген тақырыппен жарық көрді. Сұхбат барысында тілшінің мешіт немесе Ислам дінінің орталықтары саған қандай да бір көмек көрсетті ме деген сауалына А.Дорофеев «Ислам дінін қабылдауыңа осы дін өкілдерінің тарапынан жасалған материалдық қолдау әсер етті ме дегің келіп тұр ғой. Жоқ! Мені Исламға ешкім ешқандай қолдаумен қызықтырып тартқан жоқ. Ислам - секта емес. Аллаға өз еркіммен, жүрегіммен құлшылық етемін» депті. Жат дін жетегіндегі бауырларымызға ой саларлық сұхбатты оқығыңыз келсе басылымдағы екеуара әңгімеге назар салыңыз.

****

«Астана ақшамы» газетінің хабарлауынша, Қазақстанның Сауд Арабстаны Корольдігіндегі елшісі Қайрат Лама Шариф Эр-Рияд қаласының губернаторы, ханзада Салман бен Әбдел Әзізбен кездескен. «Кездесу барысында тараптар Астана мен Эр-Рияд қалалары арасында байланыстар орнату мен оны дамыту жолдарын талқылады. Сауд Арабстаны астанасының губернаторы екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалай отырып, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті екі елдің астаналары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумға қол қою мақсатында Эр-Риядқа ресми сапармен келуге шақырды», деп жазады басылым.

Осы басылымның дәстүрлі «әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда басшысы И.Тасмағамбетов қала жұртшылығының өздерін мазалаған сауалдарына тұщымды жауап берген.

Ұлы жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай «Астана ақшамы» газетінде «Бақытты адам» деген тақырыппен жарияланған мақала соғыс ардагері Иван Ярухинге арналған.

***

«Экономика» газетінің бүгінгі санында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен арадағы сұхбат «Дағдарысты еңсердік, енді дамуға қарай бет бұрамыз!» деген тақырыппен жарияланды. Өңір басшысы басылымның сауалдарына жан-жақты жауап беріп, халық алдындағы әлеуметтік сала міндеттемелері, қаржылық дағдарысқа қарсы қолданылған іс-шаралар, аумақтың бүгінгі экономикалық жағдайы жөнінде әңгіме өрбіткен.

«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өкілдерінің қатысуымен «Кадрлық резерв» бағдарламасының тұжырымдамасын дайындау жөніндегі жұмыс комиссиясының кезекті отырысына кеңінен тоқталған «Экономика» басылымы бүгінгі санында «Тамыр-таныстықпен тәуір қызметтің «құлағын» ұстаған тәжірибесіз жастар көбейіп барады» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Ұлттық менталитетті сақтай отырып, заман талабына сай кадр дайындау ісін қолға алу кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Төрткүл дүниедегі озық тәжірибелерді өзіміздегі бармен сабақтастыру мақсатында Елбасының бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы негізінде шет елде қаншама жастарымыз оқып жатыр. Оған қуанасың. Бірақ, шет елде білім алғандар бірден «ел басқару ісіне араласып кетеді» деген пікірден аулақ болған жөн секілді», деп жазады басылым. Мақалада айтылған жайттарды басылымның бүгінгі санынан толық оқи аласыздар.

«Экономика» газетінің жазуынша, республиканың индустрияландыру картасына енгізілген серпінді жобаларды жүзеге асыруда бірқатар кедергілер кездесуде. Мәселен, теміржол рельстерін шығаруға қамданған «KSP Stell» ЖШС темір шикізатының жетіспеушілігіне ұшырап отыр. Ал Екібастұздың «Шығыс» көмір кенішінде кен өндіретін Еуразиялық энергетикалық корпорация жарылғыш заттар сақтайтын жеке қойманы бір жылда салу мүмкін еместігін айтып, ортақ қойманы пайдалану мерзімін ұзартуды сұрайды, олай болмаған жағдайда бұл мәселе кәсіпорынның инвестициялық жобасын уақытында іске асыруға кері әсерін тигізбек. Осы және басқа да мәселелер қамтыған мақала басылымның бейсенбілік санында «Серпінді жобалар Үкімет қолдауына зәру» деген тақырыппен жарық көрді.

***

«Казахстанская правда» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдағандығы жазылған. Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері және оларды одан әрі дамыту перспективасы талқыланды.

«Біз Тәжікстанда Қазақстанның және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке өзінің қолдауын сезінеміз. Екі президенттің арасында қалыптасқан достық екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік туғызады және бізді соған бағыттайды, - деді З.Хамрохон журналистерге арналған брифингте», деп жазады басылым.

«Алаш айнасы», «Казахстанская Правда», «Литер», «Известия-Казахстан», «Экспресс-К» газеттерінен кеше өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына қатысты мақалаларды оқуға болады.