Отырыста Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимылдар жоспарының ұсынымдарын орындау, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар қолға алған шаралар талқыланбақ.
Жиында ашқан Г.Әбдіқалықова өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктердің тиімділігі Елбасы Н.Назарбаев ұсынған елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған Ұлт жоспарын табысты іске асырудың бірден-бір шарты болып табылатынын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жемісті іс-қимыл жасауда халықаралық талаптар ескерілген жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге ерекше рөл беріледі. Қазақстан халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияларға қосылу, сонымен қатар Ыстамбұл іс-қимылдар жоспарының ұсынымдарын орындау бойынша жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруда. Аталған ұстанымдарды орындау маңызды стратегиялық мәнге ие. Өйткені, Қазақстан ЭЫДҰ мүшесі болуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы бүгінде мемлекеттік сатып алу сыбайлас жемқорлық етек алған салалардың бірі болып отырғандығын айтты. Г.Әбдіқалықова қалыптасқан жағдай мемлекеттік сатып алу саласында шешімдер қабылдаудың айқындылығын, оның ішінде осы процестерге қоғамдық бақылауды күшейтуді және электрондық ресурстардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды көздейтін қосымша ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктер әзірлеу қажеттігін талап ететінін атап өтті.
Отырыс барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтың, Қаржы вице-министрі Р.Бекетаевтың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Р.Жүрсіновтің есептері тыңдалмақ.