ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев қызметінен босатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Зиналиев балалардың жаңажылдық шыршасына сыйлықтарды сатып алу кезінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарын бұзған. Атап айтқанда, тиісті мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбей, жеке кәсіпкерлермен бір көзден тауар сатып алуға заңсыз келісім-шарт жасаған.
Еске сала кетейік, М.Зиналиевтің тәртіптік ісі аудан прокуратурасының ұсынысы негізінде бұдан бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралып, қолдау тапқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).