13:20, 31 Наурыз 2009
Мемлекеттік сатып алу туралы заңға дағдарысқа қарсы экономикалық шараларды қамтитын өзгерістер енгізіледі
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға, Үкіметтің дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын тиімді жүргізуге бағытталады. Тоқтала кететін жайт, осыған дейін мемлекеттік сатып алуды реттеу мәселесіне орай, былтырғы жылы отандық тауар өндірушілерге, қызметтер ұсынушыларға басымдық беретін толықтырулар енгізілген болатын. «Елбасы Жолдауын жүзеге асыру, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасалған Үкіметтің «Жол картасын» тиімді жүргізу мақсатында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға дағдарысқа қарсы шараларды ерекше тәртіппен жүргізу бағытындағы өзгерістер енгізіледі. Үкімет бекіткен Дағдарысқа қарсы шаралар және «Жол картасы» іскерлік белсенділікті ынталандыру арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға, дағдарыс уақытында орнықты даму үшін кешенді экономикалық іс-шараларды қамтитын болады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, заң жобасында «Жол картасы» аясында қарастырылатын мемлекеттік сатып алу шараларын 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асыру туралы норма қамтылады. Осыған орай, құжат бойынша дағдарыс салдарымен күрес мәселелерін жеделдетіп жүргізу көзделіп отыр.