Мемлекеттік сатып алу үдерістерін жүргізу мерзімі қысқартылатын болады ? заң жобасы

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік сатып алу үдерістерін жүргізу мерзімдері қысқартылатын болады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар талқылаған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осы норма қамтылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, аталған заң жобасында Үкіметтік «Жол картасын» жүзеге асыруды шапшаңдату, бағдарланған әрекеттерді дер кезінде орындау шаралары қамтылған. «Жол картасы» бойынша еңбек нарығын дамытудың бірқатар іс-шаралары көзделеді. Атап айтқанда, коммуналдық желілерді қайта құру, су, жылу құбырлары мен энергетика, кәріз нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа, жергілікті маңызға ие автокөлік жолдарының құрылысы, сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымдар, ең алдымен мектеп пен аурухана нысандарын қайта жөндеу қолға алынады. Сонымен бірге, жергілікті биліктің айқындауына байланысты абаттандыру, көгалдандыру шаралары, әрбір елді мекендегі нақты насандарды қайта құру жұмыстары қамтылмақ. Бұның барлығы Елбасы Жолдауын жүзеге асырудан туындайды. Осындай іс-шаралар дер уақытында, шапшаң түрде атқарылса, тиімділігі де арта түседі. Сондықтан да, аталған жұмысқа қажетті тауарларды сатып алу, қызметтер ұсыну ерекше тәртіппен және мемлекеттік сатып алу үдерістерін қысқа мерзімде жүргізу ретімен жүзеге асады», деді Б. Шолпанқұлов. Оның айтуынша, қолданыстағы заңда техникалық күрделі әрі қымбат заттарды сатып алуға 50 күн белгіленген. Осы мерзім ішінде тапсырысты орындаушыны айқындау бойынша конкурстар жүргізіледі. Ал заң жобасы бойынша бұндай шараларды жедел тәртіппен, 15 күнтізбелік күн ішінде атқару көзделіп отыр.