Мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты жұмыс тобы құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатарынан жұмыс тобы құрылды. Сараптамалық фокус-топ проблемалық мәселелерді анықтау тұрғысынан заңнамаға талдау жүргізді және жаңа заңның негізгі тәсілдерін әзірлеуде», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның атап өтуінше, халықаралық сарапшылардың ұсыныстары да талқыланған.

«Заң жобасына тұжырымдама да әзірленіп жатыр. Өз кезегінде бірыңғай платформаны қолданыстағы Мемлекеттік сатып алу веб-порталы негізінде іске асыру жоспарлануда», - деді ол.