Мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр – Бауыржан Смағұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Amanat партиясы тарифтердің ашықтығы үшін күреседі. Біз энергия өндіретін стансаларда тарифтің қалай қалыптасатындығын, ол субъектілерге дейін не халыққа дейін қалай тасымалданатындығын қарайтын боламыз», - деді Бауыржан Смағұлов Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында.

Оның атап өтуінше, мемлекет пен меншік иесі салған субсидия мен инвестиция шешім қабылдау барысында ескерілуі тиіс.

«Барлығы да ескеріліп, бақылануы тиіс. Бұл Энергетика министрлігіне қарасты Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің құзіретіне кіреді. Алдағы жылу маусымына дайындық осы маусым аяқталғаннан кейін бірден басталуы тиіс. Сондықтан үзіліс деген болмайды. Дайындықты неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым жақсы. Сыни сәттер болған кезде оларды қалай тезірек және қандай мерзімде жоюға болатындығын алдын ала ойластырған жөн. Ең маңызды дүниеге назар аудару қажет. Ол – жылу желілері. Егер станса жылу мен электр энергиясын жақсы өндіріп тұрғанымен жылу желілері дайын болуы тиіс», - деді ол.

Бауыржан Смағұлов барлық конкурстық рәсімді ол ұзаққа созылып кетпеуі үшін алдын ала қарастыру қажеттігін баса айтты.

«Мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізілетін болады. Бұл мәселе қазіргі уақытта қарау сатысында тұр», - деді Мәжіліс депутаты.