Мемлекеттік сатып алулар бірыңғай ұйымдастырушы арқылы жүзеге асатын болады
Құжат палатаның бүгінгі отырысында екінші оқылымда қаралады деп жоспарланып отыр.
Заң жобасына сәйкес, қолданыстағы заңнама нормасын қолданбай мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болғызбау, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру қарастырылады. Бұдан бөлек, құжат бойынша сыбайлас жемқорлықты азайту, өнім берушіні біліктілік тұрғыдан іріктеуге бақылауды күшейту шаралары қамтылады. Бұл ретте Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен айқындалған бюджеттік бағдарламалар және тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін Үкімет, облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысын құру ұсынылады.
Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістігінің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімге орай, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді енгізу көзделеді. Жалпы ұлттық режим 2014 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі. Ұлттық режимде мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілермен қатар шетелдік өндірушілердің қатысуы қарастырылады. Сондай-ақ, ұлттық режимді енгізу аясында Үкіметтің құзыреті айқындалады. Мәселен, Үкімет мемлекеттік сатып алу үдерісіне тыйым салуды белгілей алады. Яғни, екі жылдан аспайтын мезгілде елімізде шығарылатын белгілі бір тауар мен оның жеткізушісі айқындалады. Екіншіден, Үкімет мемлекеттік сатып алу үдерісіне шектеуді белгілей алады. Мұндай сатып алуларға Үкімет бекіткен тізбеге сәйкес, Кеден одағының елдерінің өнім берушілері ғана қатысуы қарастырылады. Сосын Үкімет мемлекеттік сатып алуларға шарттарды да белгілейді, бұнда да жеңілдіктер Кеден одағының өнім берушілеріне ғана ұсынылады.
Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік сатып алулар барысында бағамен айқындаудан сапасына қарауға қарай көшу көзделеді. Бұл ретте техникалық ерекшелікті бағалау кезінде өнім өндірушілердің ең жақсы ұсыныстарын іріктеу ұсынылады. Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, бұл сапасыз тауарларды және қызметтерді сатып алудың жолын кеседі.
Сонымен қатар, заң жобасында әлеуетті өнім өндірушілердің жекелеген санаттарына, атап айтқанда еліміздегі мүгедектер қоғамдық бірлестіктерін құрған тауарлар өндіретін, жұмыстар орындайтын ұйымдарға, түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтар беру көзделеді.
Жалпы заң жобасы бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге, сатып алулардың тиімділігін арттыруға бағытталады. Сенат заң жобасын бірінші оқылымда тұжырымдамалы түрде мақұлдады.