Мемлекеттік сатып алулар саласында «кәсіби шағымданушылар» пайда болды
«2016 жылдан бастап электронды келісімшартқа, 2017 жылдан электронды актілерге көштік. Ал 2018 жылдан бастап электронды шағымдану қызметін енгіздік. Шағымдану және бақылау жүйесі толықтай электронды форматқа көшірілді. Аталған жаңалықтады енгізудің қорытындысында үнем еселеп артты. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысында үнем шамамен 43 млрд теңге болса, жаңа заң енгізілгеннен кейінгі үнем 113 млрд теңге, ал 2017 жылдың қорытындысында 250 млрд теңге болды. Үнем ашықтықты қамтамасыз етудің нәтижесінде артып отыр», - деді ол Қаржы министрлігінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы түсіндірге арналған ашық есік күні барысында.
Дегенмен, оның айтуынша, электронды форматқа көшірудің салдарынан бұл салада бірқатар проблемалар да туындап отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар қағаз түрінде жүргізілген кезде тапсырыс Астана қаласында болса, тапсырыс беруші де елордадан болатын. Ал электронды форматқа көшірілгеннен кейін мемлекеттік сатып алуларға еліміздің кез келген аймағыннан қатысуға жол ашылды. Ал бұл жосықсыз қатысушылар санын арттырып жіберді.
«Күн сайын жосықсыз қатысушылар тізілімі артып келеді. Біз оларды автоматты түрде жосықсыз қатысушылар тізіліміне қоссақ та олардың саны азаймай отыр. Олар заңды тұлғаны басқа атаумен туған-туыстарының, көршісінің атынан ашып алады. Бұл жеткізілетін тауардың сапасына да кері әсерін тигізіп отыр», - деді департамент директоры.
Сәбит Ахметовтің сөзіне қарағанда, электронды шағымдану қызметі енгізілгеннен кейін шағым берушілердің де легі арта түскен.
«Өзіме де, өзгелерге де жоқ» ұстанымындағы «кәсіби шағымданушылар» түсінігі пайда болды. Шағымдар тізілімінен сатып алуларда нақты қандай әрекетке шағымданатындықтарын көруге болады. Олар негізінен мыналар: негізсіз қабылдамау және заңсыз рұқсат беру. Шағым беру сатып алуларды тоқтатады. Мұны түсінгеннен кеййін барлығы шағым жаза бастады. Статистика барлық шағымдардың жартысының қанағаттандырылатындығын көрсетіп отыр»,- деді ол.
Оның айтуынша, аталған проблеманы шешу үшін Қаржы министрлігі жеке заң жобасына бастамашылық жасаған. Қазіргі уақытта бұл құжат Мәжілістің қарауында жатыр. Заң жобасы ағымдағы жылдың екінші жартыжылдлығында қабылданады деп күтілуде.