Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің веб-сайты іске қосылды

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің аумақтық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменттерінің веб-сайты жұмыс істей бастады, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, өткен жылдың тамызында Мемлекет басшысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың функциялары мен өкілеттіліктерін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне беру көзделген Жарлыққа қол қойған. Осыған орай, құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасына бірыңғай мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін еліміздің барлық облыстарында мемлекеттік мекемелердің ұйымдастыру-құқықтық нысанда агенттіктің жанынан мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау аумақтық бөлімшелері құрылды. Аталған департаменттер қызметінің мәні ведомствоға бағынышты аумақта сәулет-құрылыс бақылауын, лицензиялауды және аттестаттауды жүзеге асыру болып табылады.

Агенттіктің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау аумақтық департаменттері жұмысының ашықтығын, есептілігін және жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы веб-сайтын ашу туралы шешім қабылданды. www.gask.ads.gov.kz веб-сайты қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Барлық пайдаланушылар ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестаттау департаментінің директоры Ғалымжан Әбрайымовтың блогына өздерінің ұсыныстарын, ескертулерін және сұрақтарын қалдыра алады.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда құрылыс жұмыстарын орындау лицензиясын алу талаптары құрылыс компаниялары үшін күшейтілгенін еске саламыз. Еліміздің «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Лицензиялау туралы» Заңдарына тиісті өзгерістер ағымдағы жылдың 30 қаңтарында күшіне енді. ҚР-дағы құрылыстың сапасын арттыру жөнінде Үкімет қабылдап жатқан жаңа шаралар туралы толық ақпаратты интернет-пайдаланушылар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменттерінің веб-сайтының «Құқықтық база», «Ресми өтініштер» және басқа айдарларының жаңалықтары мен материалдарынан білуіне болады», - делінген ведомство ақпаратында.