Мемлекеттік субсидия есебінен тарифтерді тежеп, коммуналдық қызмет саласын жаңғырту еш мүмкін емес - Н. Қаппаров

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Мемлекеттік субсидия есебінен тарифтерді тежеп, коммуналдық қызмет саласын жаңғырту еш мүмкін емес.

Бүгін Астанада «Қазақстанда «жасыл» экономиканы құру» атты халықаралық конференция барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, елімізде энергетиканы, су секторын, коммуналды-тұрмыстық секторды субсидиялау көрсеткіші жоғары. Яғни, Н. Қаппаровтың сөзіне қарағанда, елімізде субсидия есебінен тариф төмен болып отыр.

«Алайда, дәл осылайша аталған жүйені жаңғырту да, сол салаға қатысты жаңа нысандар құрылысын салу да еш мүмкін емес. Ең алдымен жұртшылық осыны ұғынғаны абзалырақ және сапаға сай төлем жасауға үйрене бергені дұрыс. Ендеше төмен тариф соншалықты дұрыс мәселе емес», - деді министр.

Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау ведомствосының басшысы коммуналдық қызметке тарифтерді біртіндеп көтеру қажеттігін, алайда тариф өсімі халықтың әл-ауқатының өсімімен сай болуы тиістігін атап өтті.

«Экономика артқан сайын тариф те соған сай көтеріліп отыруы керек. Сол үшін ертең-ақ бірден тарифтерді арттырып, оны әлемдік деңгейге жеткізудің қажеті жоқ. Өйткені, бұлай болса, халыққа төлем жасауға ауыртпашылық түсіп, индустрия да бәсекеге қабілетсіз болар еді»,-деді Н. Қаппаров.