Мемлекеттік субсидия ұлғайғанымен, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі артпай отыр - А.Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидиялардың көлемі 2,6 есеге ұлғайған. Бірақ, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі еселеп өсіп жатқан жоқ деп мәлім етті бүгін ОКҚ-індегі брифинг барысында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру туралы сөз еткен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

"Елбасы ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде бірнеше рет нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында біз халықаралық тəжірибені зерттеп, ішкі жағдайды сараптап, келесі жағдайды көріп отырмыз: қазіргі жағдайда мемлекет тарапынан берілетін қолдау тетіктері мен олардың көлемі, олардың саны ұлғайып келе жатыр", - деген министр бұл қолдаулардың жауабы ретінде осы саладағы өнім көлемі көбеймей отырғанын жасырмады. "Мысалы, соңғы бес жылда мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидиялардың көлемі 2,6 есеге ұлғайған. Бірақ, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі еселеп өсіп жатқан жоқ. Берілген субсидия мен өңделген өнім көлемі арасында үлкен айырмашылық бар. Бес жыл ішінде ауыл шаруашылық көлемі өссе де, оның өсу үрдісі əлдеқайда төмен, яғни, бес жылда 1,75 есеге ғана ұлғайған", - дейді А.Мамытбеков. А.Мамытбеков атап өткендей, министрлік бұл ретте мемлекеттік қолдау іс-шараларын ұлғайту жəне субсидиялардың тиімділігін арттыру бойынша тиісті зерттеулер жүргізеді.