«Мемлекеттік тіл ? ел тұтастығының басты кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда «Мемлекеттік тіл – ел тұтастығының басты кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Конференция жұмысына «Қазақстан-Zaman» газеті мен «Халық үні» қоғамдық бірлестіктер одағына кіретін «Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры, оралмандардың «Асар» бірлестігі, халықаралық «Жанашыр» қайырымдылық қоры, «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі, «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қоры, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі басшылары мен өкілдері қатысты.Жиында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі, қазақ тілін өзге ұлттар арасында насихаттау жұмыстары жайында түйткілдер талқыға салынып, осы мәселелерге қатысты бірқатар ұсыныс-тілектер айтылды.«Қазақ тілінің дамуын дұрыс жолға қою үшін, алдымен білім ордаларындағы кейбір іс-әрекеттерді түзету керек. Елімізде орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр, украин ұлтының балаларына арналған мектептер жұмыс істейді. Қазақстандағы әр түрлі ұлт балаларын оқытатын мектептердің барлығында ортақ бір әліппе қолданылса дұрыс болар еді. Өйткені, әр түрлі тілде білім алған бір мемлекеттің азаматтарында бірдей көзқарас болмайды, дейді «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Алияз.Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесінде аталған мәселеге орай, болашақтағы қазақ тілінің бағдарын анықтайтын бірқатар ұсыныс-тілектердің жиынтығы әзірленді. Бұл шешім мемлекеттік құзырлы органдарға, атқарушы билік орындарына жолданатын болады.