Бұл жайында бүгін Алматы қаласы әкімдігінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Тамара Жұмағұлова Қазақстан-корей жастарының қазақ тілін оқу форумы барысында мәлім етті.
Т.Жұмағұлова мемлекеттік тіл - қазақ тілі деген заң, тіл саясатындағы ұзақ күрес үстінде пайда болғандығын және оны замананың төл жемісі деп білетіндігін айтады.
«Мемлекеттік тілді оқыту, үйрету үлкен еңбек, көп ізденісті қажет етеді. Тілге деген қамқорлықтың нәтижесінде 1989 жылы республикамызда «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, бүгінде Тіл комитеті, Тілдерді дамыту басқармалары және 63 оқыту орталықтары қызмет етуде», дейді тіл маманы.
Тәуелсіздікке ие болған жылдар ішінде республикада қазақ мектебінің саны 880-ге жетсе, мектеп жасындағы балалардың 65 пайызы қазақ мектептерінде оқиды екен.
Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарда және қоғамның түрлі салаларында қызмет етіп жатқан әртүрлі ұлттың өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге барынша атсалысып жатқандығын тілге тиек етті. «Сондай тілімізге жанашыр ұлттардың бірі - кәріс ұлты. Тарихи жағдайларға байланысты Қазақстанға келген кәріс ұлтын қазақ елі жатсынбады. Өзінің қонақжайлылығымен, бауырмалдығымен қазақ елі оларды өзіне тарта білді. Қазақ ұлты мен кәріс ұлтының арасында ұқсас қасиеттер де көп», дейді «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының әдіскері.