Мемлекеттік тіл маңызын арттырып, сауаттылық деңгейін көтеру қажет

None
АЛ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекеттік тіл маңызын арттырып, сауаттылық деңгейін көтеру қажет.

Бұл туралы мемлекеттік тіл мәселелеріне арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етілді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, мекеме-ұйымдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуде бетбұрыс жасайтын уақыт келді. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру қажет.

«Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Болат Жексенғалиевтің пікірінше, мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін қалай меңгергендігін жыл сайын ерікті түрде тест тапсыру арқылы анықтауға болады. Өкінішке қарай, мұндай бастама БҚО-да қолдау таппаған. Есесіне ол Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылған.

«Ағартушы» орталығының бөлім басшысы Алтынбек Әбділмановтың ойынша, Орал қаласында өзгертуді қажет ететін 200-ден астам көше бар. Қаладағы жарнама да мамандардың орынды наразылығын туғызып жүр. Жалпы, осындай маңызды мәселені бір ғана тіл айлығымен шектеу дұрыс емес, онымен жыл бойы етене айналысу керек. Жиынға қатысушылар осындай тоқтамға келді.