Мемлекеттік тілдегі сот актілерін тексеру байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан - Қазақсан Республикасының Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында, жергілікті соттарда мемлекеттік тілде қабылданған сот актілерінің сапасын тексеру үшін аудандық және оған теңестірілген соттар арасында Астана қалалық соты байқау ұйымдастырды, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқауға Астана қаласының аудандық және оған теңестірілген соттарынан мемлекеттік тілде жүргізілген 69 сот актісі келіп түсті.

Іс-шарада заң терминологиясы мен әдеби тіл талаптары сақтала отырып мемлекеттік тілде сауатты жазылған сот актілеріне баса назар аударылды.

Нәтижесінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Е.С.Қосмұратов жеңімпаз танылды. Қалған жүлделі екі орынды Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының судьясы А.С.Ақылбай және Астана қаласы Сарыарқа сотының судьясы М.Сатыбалдин бөлісті.