Мемлекеттік тілді 10 негізгі бағыт бойынша үйрететін тілашар үлгісі миллион тиражбен таратылады

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді 10 негізгі бағыт бойынша үйрететін тілашар үлгісі миллион тиражбен таратылады.

Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім етті.

«Тілашар таратылымы денсаулық сақтау, мәдениет, қызметтер, шаңырақ, білім, саяхат, жұмыс секілді біз күнделікті пайдаланатын аса қажетті 10 бағытты қамтып отыр. Шамамен келесі аптаға қарай бұл тілашар құралдардың барлығы еліміздің өңірлеріне түгел таратылады. Барлық мекеме, оның ішінде мемлекеттік емес мекемелер де осы тілашармен қамтамасыз етіледі. Бұл таралымдар бойынша арнайы тұсаукесер де жоспарланып отыр», - деді Ж. Құрманғалиева.

Оның айтуынша, аталған бір тілашар оқулығын шығаруға шамамен 1 доллар қаражат кеткен. Сонда миллион тиражды таралымды шығару үшін шамамен 1 млн. доллар жұмсалып отыр. Оның сыртында басқа да шығындар баршылық.