Мемлекеттік тілді білу бәрінен бұрын мемлекеттік қызметші үшін қисынды талап - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді білу бәрінен бұрын мемлекеттік қызметші үшін қисынды талап. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тіл туралы Заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген норма бар. Осы бір ғана норманы өмірге енгізудің өзі мемлекеттік тілдің жағдайын көп ілгері жылжытар еді. Бастапқы кезде бұл тізімге мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білуге тиісті кәсіптер мен мамандықтардың бәрін бірдей емес, мемлекеттік қызметшілерді ғана енгізген дұрыс болар еді. Өйткені, мемлекеттік тілді білу бәрінен бұрын мемлекеттік қызметші үшін қисынды талап. Осы арқылы қалған кәсіптер мен мамандықтарды да біртіндеп Тізімге енгізіп отыруға жол ашылар еді», деді О. Мұхамеджанов.

Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты нормаларды анықтау әрі жетілдіре түсу үшін Тіл туралы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, тіл саясатына қатысты заңнаманы қазіргі талаптарға бейімдеудің маңызы зор. «Заңнамаға мемлекеттік тіл мәселесі бойынша енгізілетін нормаларда қазақ тілінде жұмыс істей алатын басқа ұлт өкілдерін ынталандыру мәселесін де көздеген артық болмас еді. Бұл - мемлекеттік тілге деген ықыласты оятудың бір тетігі», деді ол.