Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақшаны ауызекі сөйлеу тілінде жылдам үйренудің тәсілін айтып берді
Баспасөз мәслихаты барысында «қаншалықты қысқа мерзімде «Soyle.kz» қосымшасы арқылы қазақ тілін үйреніп алуға болды?» деген сауал қойылды.
«Нақты мысал келтіретін болсам, «Қазмедиа» орталығының инженері Сергей Горбунов есімді жігіт «қазақ тілін бір айда үйрену» атты біздің ұйымдастыруымызбен өткен акцияға қатысқан болатын. Атап айтқанда, ол біздің портал арқылы бір айда тілді меңгеріп алды. Біздің отандастардың еріншектігі басым. Күніне жарты сағаттан уақыт бөлсе, бір айда қазақшаның ауызекі сөйлеу тілін әбден меңгеруге болады. Біз өзіміздің отандастарымыз үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Осы тұрғыда сайт немесе мобильдік қосымша бойынша, енді бүгіннен бастап теледидар арқылы қазақ тілін үйрену мүмкіндігі жасалды», - деді қор басшысы Азат Шәуеев.
Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясы бірлесіп SMART.TV үшін арнайы әзірлеген «Soyle.kz» қосымшасының тұсаукесері өтті.
Бұл қосымшаның әзірленуі қазақ тілінің әлемдік ақпараттық жүйеге енуіне ықпал етпек. Енді «Soyle.kz» қосымшасының көмегімен үйде теледидар алдында отырып-ақ SMART.TV арқылы қазақ тілін үйренуге болады.