Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Береке мен бірліктің тілі» атты байқауға өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартты

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Береке мен бірліктің тілі» атты қазақ тілін насихаттауға арналған жарнама байқауына өтініштерді қабылдау мерзімін бір айға ұзарту туралы шешім қабылдады.

Енді қазақ тілін қалың бұқараға насихаттауға бағытталған байқауға қатысушылар өз жұмыстарын мамырдың 15-іне дейін қорға жолдауына болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Байқау мерзімінің ұзаруына қоғам арасындағы ынта білдірушілер белсенділігінің тым төмендігі себеп болып отыр. Мәселен, үш ай ішінде қордың қоржынына келіп түскен қазақ тілі туралы жарнама жұмысының ұзын саны ? бесеу. «Береке мен бірліктің тілі» байқауы барша қазақстандықтардың жүрегіне қазақ тілі туралы жылы сезім ұялатып, мемлекеттік тілге жаппай қоғамның көңілін аударту мақсатында өткізіліп отырғаны бұған дейін айтылған. Байқаудың басталғаны жайында қаңтар айының ортасында БАҚ арқылы хабарланған да болатын. Байқауға қатысушылар қазақ тілінің сүйкімін паш ететін жарнама роликтерінің мәтінін, лозунгтер, суреттер, плакаттар тағы басқа да жұмыстарын жібере алады», делінген баспасөз хабарламасында. Естеріңізге сала кетейік, аталған байқау бойынша ең үздік шығармашылық жұмыстар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын ? 300 мың теңге, екінші орын ? 200 мың теңге, ал үшін орын үшін 100 мың теңге сыйақы тағайындалған. Сонымен бірге үздік жұмыстар елдегі телеарналар арқылы насихатталып, қала көшелеріндегі жарнамалардан орын алатын болады.