Мемлекеттік тілді дамытуға жұмсалатын қаражат 2001 жылмен салыстырғанда 60 еседен артық өскен - А.Бижанов

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекеттік тілді дамыту саласына жұмсалып жатқан қаражат  2001 жылмен салыстырғанда 60 еседен артық өскен.

Сонымен қатар жыл сайын мемлекеттік тілдің дамуының өзекті мәселелеріне арналған іс-шаралардың саны да артып келеді.

Бұл туралы бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында  өтіп жатқан  тіл туралы заңның қабылданғанына және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толу құрметіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақан Бижанов айтты.

 А.Бижановтың айтуынша, қаржыландырудың өсуі мемлекеттік тілдің қоғамда алатын рөлін нығайтуға және Қазақстан халықтарының өзге тілдерін дамытуға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Дегенмен мемлекет тарапының қолдауы жоғары болғанымен мемлекеттік тілдің игерілу деңгейі әлі де төмен болып отыр.

«Оқу орындарына мемлекеттік тілді оқытуға бөлінген қаражаттың көздеген мақсатқа неге жеткізбей отырғанын орындаушылардан сұрайтын кез келген сияқты. Қоғамдағы қажеттілікті түсініп, ешқандай қолдауды күтпей, «елім үшін» деп жанын аямай қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы сияқты азаматтардың уақыты келді деп ойлаймын. Егемендік алған жылы дүниеге келген нәресте биыл 18 жасқа, ал 1991 жылы бірінші сыныпқа барған бала 25-ке толады. Егер мемлекеттік тілді насихаттауда, оны оқу орындарының барлығында дерлік қажетті деңгейде оқытуды іс жүзінде қолға алған болсақ, бүгінде бұл мәселелер алдымызда тұрмаушы еді. Дегенмен әлі де кеш емес деп ойлаймын», дейді сенатор.