Бұл орайда мемлекет құраушы ұлт - қазақ халқының тілін дамытуға айрықша назар аударылатын болады. Доктринада: «... мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту - мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл - шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы», деп тайға таңба басқандай жазылған.
Атап өтерлігі, доктринаның бастапқы нұсқасында мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің табиғи ұмтылысы ретінде ғана қарастырылған еді, ал қоғам қызу талқылаған соңғы нұсқада қазақ тілін білу Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті делінген. Доктринада айтылған дүниелерді әрбір азамат мүлтіксіз орындауға міндетті. Сонымен қатар, доктринаны іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарының «Ұлт рухының дамуы», деп аталатын үшінші тарауының шеңберінде ағымдағы жылы Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірлеу жоспарланып отыр. Осыларды қаперге алып, бір қайырып қойсақ, жылдар бойы өзіне лайықты дәрежеге көтеріле алмай келе жатқан ана тіліміздің өрісін кеңейту үшін ммелекет тарапынан, қоғам тарапынан нақты жағдай енді жасалып жатқанын көреміз.
Рас, қазақ тілін мәртебелі тұғырына қондырып, қолданыс аясын кеңейту үшін тәуелсіздік жылдарында толайым жұмыстар атқарылды. Қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын көптеген балабақшалар мен мектептер ашылды. Жоғары оқу орындарының қатары көбейіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының да саны арта түсуде, әртүрлі тақырыптарды қаузайтын танымдық-публицистикалық бағдарламалар көптеп ашылуда. Мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесетін курстардың жұмысы жолға қойылды. Ең бастысы - тілге құрметпен қарайтын азаматтар кез-келген ортада бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге қысылмайтын, тілге кезінде мұрын шүйіргендердің күні батты. Дейтұрғанмен, осыншама қыруар жұмыстарға қарамастан өкінішке қарай қазақ тілі әлі де болса мемлекеттік тіл дәрежесіне толыққанды көтеріле алмай келеді. Оның себебі неде? Біздіңше, басты себебі - біздер әлі де болса қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті туғыза алмаудамыз. Әлі де бір-бірімізбен орыс тілінде тілдесуге мәжбүрміз, ерікті түрде де, еріксіз де. Өйткені біздің қоғамда орыс тіліне деген қажеттілік бар, бар ғана емес басым. Әрине, бұның әртүрлі тарихи, тағдырлы факторларға байланысты обьективті де, субьективті де себептері бар. Бірақ, бір нәрсе ақиқат - кез-келген қоғамда тіл қажеттілік болған кезде ғана дамиды, өркендейді, қанатын кеңге жаяды. Ал қажеттілік жоқ болса, қанша жерден қыруар қаржы бөліп, атауы әдемі құжаттар қабылдағанмен «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қала береді. Ал, бізге ынтуайтына келгенде мемлекеттік тілдің тұғырын тіктеу үшін ешкім де кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, дамыту үшін қоғамымызда оған деген қажеттілікті, сұранысты тудыру қажет.
Біздіңше, сондай қажеттілікті немесе сұранысты тудыратын тетік Ел бірлігі доктринасында көрініс тауып отыр. Ендігі міндет - сол тетікті тиімді іске қосып, ұтымды жүзеге асыра білуде. Бұнда әрине негізгі салмақ - Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт - қазақ халқына түсері даусыз. Бұл ретте тіл жанашырлары, жалпы қоғам ана тілін білмейтін қазақтардың санасын бұл қылықтары үшін ұялатындай деңгейге көтеру қажет. Олардың ойына өз Отаныңда тұрып ана тіліңді білмеу, ол тілде сөйлей алмау туған халқыңның, мемлекетіңнің және келешек ұрпағыңның алдында асқан жауапсыздық екенін мәдениетті түрде сіңіру қажет. Бұнымен бір мезгілде қазақстандық патриотизм рухындағы тәрбиені күшейткен абзал. Егер дұрыс жолға қоя білсе, бұдан нәтиже шығаруға болады. Сонымен қатар биліктегі азаматтар да бұл міндеттің өздеріне зор жауапкершілік жүктейтінін ұғынғанулары тиіс. Бірден болмаса да, біртіндеп, бірақ мейлінше тезірек Үкімет пен Парламенттегі жиындар, басқосулар негізінен мемлекеттік тілде өткізілетін болса, басқа да деңгейлердегі іс-шараларда ана тіліміз қағажу көрмесе көпшіліктің қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы артып, ұмтылысы ұлғая түсетін болады. Егер осындай және басқа да жолдармен біздің қоғамда қазақ тіліне деген шынайы қажеттілікті тудыра алсақ, мемлекеттік тілге қатысты жылдар бойы қордаланып қалған проблеманы бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде шешуге әбден болады. Ал, жалпы Қазақстанды мекендеп жатқан әртүрлі этностардың өкілдері біздің елдің біртіндеп экономикасы қуатты, халқының әл-ауқаты жақсы мығым мемлекетке айналып келе жатқанын жақсы біледі. Сондықтан да олардың барлығы дерлік келешектегі тағдырларын Қазақстанмен сабақтастырғысы келеді. Тіпті Қазақстан азаматы атанғысы келетін адамдардың саны да жыл сайын ұлғайып келеді. Ал біздің мақсат - доктринада айтылғандай келешекте бірлігі бұдан да мықты, ынтымағы бұрынғыдан да жарасқан бір ұлт болу. Ал, бір ұлт болу үшін - бәріміз бір тілде сөйлеуіміз керек. Сондықтан да межеленген мақсатқа Қазақстанда тұрып жатқан барша ұлттар бір-бірімен мемлекеттік тіл - қазақ тілінде еркін ұғыныса алғанда ғана жете аламыз. Бұл ретте әрине Доктринада жазылғанындай «мемлекет тарапынан Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностың мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қамқорлық көрсетілетін болады».
Жалпы, Ел бірлігі доктринасында жазылған «мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті», деген талапқа өре түрегеліп, қарсы болып жатқан ешкім жоқ. Қазақстандағы этномәдени орталықтың өкілдері доктринаға қолдау көрсетіп, Қазақстанның әрбір азаматы республиканың мемлекеттік тілін үйренуі және білуі тиіс деген талапппен келісіп отыр. Бұған доктринаның жетілдірілген нұсқасының биылғы сәуірдің 19-да Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бірауыздан мақұлданғаны айқын дәлел бола алады. Бұның өзі Қазақстан халқының қазақ тіліне деген көзқарасының жақсарып, құрметінің арта түскенін білдіреді. Олай болса мемлекеттік тілді дамытуға және оның аясын кеңейтуге ұлт бірлігін нығайтатын фактор ретінде басымдық берілген доктринадағы уақыттың өзі ұсынып отырған мүмкіндікті қалт жібермей, қажетімізге жарату қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі.