Мемлекеттік тілді үйренуде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өзгелерге үлгі көрсетуі керек - Парламент Мәжілісінің депутаты

АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ХIX сессияда ассамблея мүшелері мемлекеттік тілді білу және оны насихаттауға белсенді қатысуы керек деген тапсырмасы көңілдегідей орындалып жатқан жоқ.

Оны ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов кеше Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ассамблея төрағасының тапсырмасы орындалмай отырғанын бүгінгі мәжілістен де айқын аңғаруға болады. Үкіметті сынап, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуді қашанға дейін айта береміз. Қазір қазақ тілін игеруге қаржы жеткілікті беріліп жатыр. Тілді меңгеру, ең алдымен қазақтарға, одан кейін қазақстандықпын деген барлық азаматқа байланысты. Сол себепті мен бұл жиында мемлекеттік тілді үйренуді Ассамблея мүшелерінен бастайық, одан кейін басқаларға насихаттайық деп ұсыныс енгізіп отырмын. Егер өткен жылы білмейтін едік, енді бәріміз қазақша сөйлейтін болдық десек, бұл өзгелерге көрсетер нақты үлгіміз болады. Онсыз оқытамыз дегеніміз құр сөз боп қалады», дейді Розақұл Сатыбалдыұлы. Оның айтуынша, күн сайын әр азамат бірнеше сөз жаттап, үйренбесе, олар қай уақытта мемлекеттік тілді меңгеретінін ешкім болжай алмайды. Бұл мәселені жақында орыс славян ұйымдарының қауымдастығы бір конференция өткізіп, проблема қып көтерді. Онда делегаттардың бірі «аптасына 50 сөз үйренейік», деп ұсыныс жасады. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, бір айда 200, ал бір жылда 2,5 мың сөз үйренуге болады. «Біз бұл отырыста, сондай-ақ төрағаның орынбасары лауазымына Қазақстан поляктары одағының төрағасы Виталий Свинцицкий мен Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы төрағасының 1-ші орынбасары Анатолий Чесноковтың кандидатурасын Нұрсұлтан Әбішұлының бекітуіне ұсындық. Елбасы олардың кандидатурасын мақұлдаса, А. Чесноковқа алдағы отырыста кеңес мүшелерінің мемлекеттік тілді үйренуін бақылауды жүктемекпіз», деді Мәжіліс депутаты Р. Халмұрадов.