12:26, 27 Сәуір 2009
Мемлекеттік тілді үйрететін оқулықтардың сапасы жете тексерілетін болады ? Тіл комитетінің төрағасы
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақ тілін жете оқытуды мектептен бастау керек. Сонда қазіргі ересектерге мемлекеттік тілді үйретудің қажеті де болмайды. Бұл пікірін бүгін Астанада өткен «Мемлекеттік тілді үйретудің ғылыми-әдістемелік мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік семинарда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шәймерден
білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ғылыми-тәжірибелік семинарға ҚР Парламентінің депутаттары, республикаға танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен оқулық жасаушылар қатысуда. «Тілге қатысты қандай да бір басқосуларда ересектерді оқыту мәселесі ғана сөз етіледі. Сондықтан ба, бар мәселе ересектерді оқытуға тіреліп тұрғандай көрінеді. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, тіл саясатында мынандай бағыт ұсталды ? балаларға бірінші сыныптан бастап жоғары оқу орнын аяқтағанға дейін қазақ тілі жете оқытылуы тиіс. Сонда қоғамға мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтар келеді деп болжанды. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері екі буын мектепті тәмамдаса да, нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ», - дейді Е.Шәймерден.Яғни, оның айтуынша, мектептер мен жоғары оқу орындары тілді үйретудегі сапаға баса назар аударуы тиіс. Сонда ғана ересектерге мемлекеттік тілді үйрету біршама жеңілдей түседі, не оның қажеті де болмайды. Комитет төрағасының көтерген тағы бір мәселесі, ол - әдістемелік-оқу құралдарының сапасы. Оқулықтардың мәтініне, тестілердің жүйесіне қатысты көп сындар айтылып жүргендіктен, оларға қойылатын талапты күшейту қажет. Осы мақсатта, үстіміздегі жылы басылымға ұсынылатын кітаптардың сапасын тексеру үшін сараптамалық топ құрылды. Оның құрамына екі палата депутаттары мен тіл мамандары енгізілді.