Мемлекеттік тілді меңгеру барысындағы кейбір келеңсіздіктердің алдын алып, тіл үйретудің сапалы деңгейге көтерілуіне ықпал жасау мақсатында өткізіліп отырған шараға облыстық, қалалық, және өңірлік тіл үйрету орталықтарының басшылары мен әдіскер оқытушылары, ғалымдар мен тілі білім саласының мамандары қатысуда. Алқалы жиын барысында сөз алған ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров, «Мемлекеттік тілді үйретуді жандандыруға жаңаша талап, қарымды құлшыныс қажет. Қолда бар оқу құралдарын орынды пайдалана отырып, оларды ары қарай жетілдіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бұл орайда әдіскер мамандардың ең алдымен озық технологияларды қолдану арқылы үйрету үлгілерін әзірлеуге ұмтылуы тиіс», деген пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ жиын барысында есімі танымал филолог-ғалымдар баяндама жасап, мемлекеттік тілді оқытудың жаңа үлгілері мен оқытудың тиімді жолдарын ұсынды. Семинар барысында мемлекеттік тілді оқытуда кездесетін кейбір келеңсіздіктер жайы да назардан тыс қалмады.
Елорда төрінде бас қосқан тіл мамандары оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, барынша мемлекеттік тілді жеделдетудің инновациялық мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын қарастырды.