Мемлекеттік тілді жетік меңгеру үшін бізге тілдік орта керек - Юлия Громова

None
АЛМАТЫ. 3 шілде. ҚазАқпарат - «Ұлытау» мәдени-лингвистикалық лагері тілдік ортаны қалыптастыру арқылы қазақ тілін қалай жылдам үйренуге болатынын дәлелдеп отыр.

Бұл туралы аталмыш жобаның биылғы жылғы 2-ші маусымының қатысушысы болған Халықаралық бизнес академиясы колледжінің студенті Юлия Громов кеше біліктілік сертификатын тапсыру кезінде айтты.

«Мен былтыр Алматыдағы №211 гимназияны бітіріп, Халықаралық бизнес академиясының колледжіне оқуға түскен едім. Қазақ тілі гимназияда да, колледжде де білім беру бағдарламасына енген. Алайда үйрене алмадым. Сондықтан биыл «Ұлытау» мәдени-лингвистикалық лагерінде арнайы меңгеруге бел буған едім, үмітім ақталды», - дейді Ю.Громова. Әзірге қазақ тілінде аса жатық сөйлей алмайтынын айтқан Юлия мұнда 8 күннің ішінде «Егіз лебіз» әнін, «Қара жорға» биін үйреніп, қазақтың бірқатар ұлттық салт-дәстүрінен мағлұмат алып, сөздік қорын айтарлықтай ұлғайтқанын мақтанышпен жеткізді. Мемлекеттік тілді меңгеруде тілдік ортаның рөлі ерекше екенін айтқан ол достарының бәрі орыс тілінде сөйлейтінін сондықтан мұнда үйренгенін енді ары қарай жетілдіру біршама қиындық тудыратынын да жасырмады. Алдағы маусымда бұл лагерге өзге таныстарын тартуға және мүмкіндік болса өзі де қайта оралуға тырысатынын жеткізген Ю.Громова орыс тілді жастар үшін қазақ тілін меңгеруді мұндай жобалардың маңызы ерекше екенін баса айтты.