***
«Кеше елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсімі өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Мемлекеттік ту - тәуелсіздіктің маңызды нышаны» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, еліміздің Көк Туы өзінің биік тұғырына көтеріліп, елорда көгінде желбірегеннен кейін Елбасы жиналған қауымның алдында сөз сөйлеп, Астана күнімен құттықтады. «Мен осыдан 20 жыл бұрын Мемлекеттік ту туралы Жарлыққа қол қойған едім. Сол уақыттан бері Ту - біздің Тәуелсіздігіміздің маңызды атрибутына айналды. Биыл бас қаламыздың Сарыарқаның кең даласынан өзіне лайықты орнын тапқанына 15 жыл толады. Сонан бергі аз уақытта елордамыз өзіндік дәстүрін қалыптастырды. Елдің ең мерейлі мейрамдарының бірі - Астана күні. Осының қарсаңында қаламыздың көгіне қанатын күн сүйген қыран бейнелі байрағымызды көтеру дәстүрімізге айналды», - деді Мемлекет басшысы.
Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жедел шахмат және блиц бойынша әлем чемпионаттарының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Оның ашылу рәсіміне, сондай-ақ, Астана күнін мерекелеуге арнайы келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов қатысты. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Астанада шахмат академиясы ашылады» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы алдағы уақытта елімізде шахмат мектебін қалыптастырып, ал Астананы шахмат астанасы жасауға жұмыс істелетінін атап өтті. Сонымен қатар болашақта Астанада Шахмат академиясы мен мектебі, сарайы салынатынын мәлім еткен.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің аясында өзара іс-қимыл басымдығын талқылады. Биыл Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Бүгінде Қазақстан Қырғызстан экономикасының ірі инвесторы және жетекші сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. 2011 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 750 миллион АҚШ доллары деңгейіне жетті. 2012 жылдың қаңтар-сәуірінде бұл көрсеткіш, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 34 пайызға артып, 281 миллион АҚШ долларын құрады.
***
«Экспресс К» газетінің жазуынша, Жапонияда 2011 жылдың наурызында орын алған «Фукусима-1» атом стансасындағы апаттың шығу себебін тексеруге арналған парламенттік комиссияның қорытынды баяндамасы ұсынылды. Құжат авторларының пайымынша, апат адами факторлардың салдарынан орын алған. Атап айтқанда, ел үкіметі мен атом энергетика саласына қадағалу жасайтын орган, сонымен қатар Терсо стансасының оператор компаниясы сынға ұшырады. Баяндаманы жасаушылардың пайымынша, олар жауапкершіліксіз іс-әрекет жасап, соның салдарынан адамдар мен қоғам зардап шекті.
***
«Елорда күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздегі бірінші рельсті автобус жолға шықты», - деп жазады «Литер» газеті. Басылымның атап өтуінше, Шымкент-Түркістан бағытымен қатынайтын заманауи жайлы пойыз рельсі автобус деп аталады. Бұл облыс үшін әлеуметтік тұрғыда өте маңызды бағыт. Өйткені осы жолдың бойында 55 мың адам тұратын 19 елді мекен орналасқан. Кез келген азамат екі қала арасына не бәрі 277 теңгеге төлеп, 3,5 сағаттың ішінде қатынай алады.