Мемлекеттік туды қоқысқа тастаған әйел қазақстандықтарға үндеу жолдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХҚКО маңындағы қоқысқа мемлекеттік туды тастаған «Сұлтан» спорт кешенінің 29 жастағы вахтері Ольга Шумилова қазақстандықтарға үндеу жолдады.

 Бұл туралы Қостанайдағы жергілікті портал хабарлайды. Әйелдің айтуынша, мемлекеттік ту қоқыс арасына кездейсоқ тап болған. «Мен жаттығу залын жинастырып жүріп, жаттығу құрылғысына ілініп тұрған туды көрдім. Ондағы бояудың іздерін көріп, қоқыстардың жанына қойдым. Кейін жұмысқа күйеуім келді. Халыққа қызмет көрсету орталығына баруымыз керек еді, асығып жүріп, шығарған заттарды тексерместен қоқыс контейнеріне лақтырып кете бардым», - деді вахтер. Бұған дейін хабарлағандай, 4 қараша күні журналистер қоқыс контейнерінен мемлекеттік ту тауып алды. Материал жарияланған соң, оқиға орнына ІІД жедел-тергеу тобы аттанды.

 

«Полиция менен туды қоқысқа тастаған адамды байқамадыңыз ба деп сұрады. Мен іздеп жүрген адамының өзім екенімді мойындадым. Ештеңе жасырған жоқпын. Олар Қылмыстық кодексте көрсетілген баптарды айтып, бұл мемлекеттік таңбаны қорлау болып табылатынын айтты. Енді мұндай оқиға қайталанбау үшін мен халықты аса мұқият болуға шақырамын. Өз ұжымым мен халықтан тағы да кешірім сұраймын. Мен өз ұжымымды ұятқа қалдырдым, сол үшін қатты өкінемін», - дейді Ольга Шумилова. Әйел 2016 жылдың тамыз айынан бері «Сұлтан» спорт кешенінде вахтер болып жұмыс істейді. Оқиғадан кейін оған сөгіс жарияланды және сыйақыдан қағылды. Бірақ, жұмыстан шығарған жоқ. Ольга Шумилова тұрмыста, бір баласы бар. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.