«Заң жобасы бойынша тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары енгізіледі. Мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тобын анықтай мақсатында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді», - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жатқызылатын адамдар тобы еліміздің қандай да бір заңнамалық актісінде анықталмаған. «Ал баспанаға кезекте тұрғандардың тізімін жыл сайын түгендеу кезінде жергілікті атқарушы органдар бюджеттік қызметкер екенін растайтын құжаттарды талап етеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың көрсетілген санатқа жататынын үш күн ішінде растауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да, «бюджеттік ұйымдар» ұғымы мемлекеттік тұрғын үй қорының баспанамен қамтылуға үміткер болуға құқылы адамдар тобын анықтау мақсатында енгізіліп отыр», - дейді Е. Досаев.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.