Мемлекеттік тұрғын үй комиссиясы

АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, тамыздың 13-і күні Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың төрағалығымен мемлекеттік қордан баспана алғысы келетін азаматтардан үстіміздегі жылғы қаңтар-наурыз айларында қабылданған құжаттарды қараумен айналысатын Тұрғын үй комиссиясының кезекті отырысы өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комиссияның отырысында 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына «мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері» санаты бойынша қатысқан 4677 азаматтың балдары бекітілді. Тізім Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына ілінді (www.astana.kz).

 Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тұрғын үй комиссиясы «жас отбасы», «мемлекеттік қызметкер» санаттары бойынша құжаттарын тапсырған азаматтардың балдарын бекіткен болатын. Комиссияның ендігі отырысында «мемлекеттік кәсіпорын» санатының тізімі бекітіліп, жария етілмек. Одан кейін комиссия мүшелері Мемлекеттік бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы пайдалануға берілетін 5 мың 612 пәтердің иелерін іріктеуге кіріседі. Тізім «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланады.

Биыл азаматтардан 28 мың 90 құжат қабылданды.