Мемлекеттік-жеке серіктестік процедуралары жеңілдетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мемлекеттік-жеке серіктестік процедуралары жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезектен тыс отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік-жеке серіктестік мәселесін де біз бірнеше мәрте талқыладық. Мемлекет басшысы тараынан мемлекеттік-жеке серіктестік механизмдерінің, әсіресе, өңірлерде қолданылу деңгейінің төмендігіне қатысты әділ сын болды. Ұлттық экономика министрлігіне 1 айлық мерзімде процедураны одан ары қарай жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырамын. 1 тоқсанның соңына дейін түрлі саладағы үлгілік жобалар тізімін кеңейту, бұл мәселеде өңірлерге толықтай әдістемелік қолдау көрсету керек», - деді Премьер-Министр.

Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне басқа да салалық министрліктермен бірлесе отырып,  әкімдіктердің бюджеттік өтінімдерін қарау барысында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асыруға болатын жобаларды алып тастауы қажет екендігін баса айтты.

 «Жақында республикалық бюджетті нақтылау қажет болады. Бақыт Тұрлыханұлы (Қаржы министрі)  қазіргі кезеңнен бастап осы ұстанымды басшылыққа алып, тіпті ертеректе келісілген жобаларды да алып тастау керек», - деді Үкімет басшысы.