Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске қосу 2011 жылдың аяғына жоспарланып отыр - Ө.Өзбеков

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске қосу 2011 жылдың аяғына жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу барысында айтты.

Оның атап өтуінше, 2002 жылдан бастап мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіле бастаған. Өткен жылы аталған жүйе тәжірибелік түрде іске қосылды. Қазіргі уақытта жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуына қатысты аттестациялау жұмыстарына дайындық жүргізілуде және де ақпараттық жүйесінің тиімділігіне қатысты аудит белгіленді.

«Жалпы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік іске қосу биылғы жылдың аяғына дейін өткізу жоспарланып отыр», - деді Ө.Өзбеков.

Аталған жүйенің республикалық базасында сәйкестендіру құжаттары рәсімделген жер учаскелері туралы 4 триллионға жуық мәліметтер бар. Қаржы министрлігі салық комитетінің салық төлеушілер мен салық салу нысандарының тізілімі ақпараттық жүйесіне 3,7 миллионнан астам мәліметтер берілді. Сонымен қатар автоматтандырылған жер кадастырындағы е-Үкімет шлюзіне мекен-жай регистрі, жылжымайтын мүлік регистрі, мемлекеттік базалық деректердің ақпараттық жүйелеріне берілген орталықтандырылған тетігі жүзеге асырылды.