«Әлемдегі біраз мемлекеттерде Президент сайлау арқылы, не болмаса сол мемлекеттегі заң тұрғыдағы шешім арқылы өз лауазымына отырған күні елмен еленеді. Тіпті кейбір мемлекеттердегі жұртшылық өзінің сүйген басшысының туған күнін атап өту дәстүрін мерекеге ұластырады. Бұл неге жат болсын? Елбасы өзі көптеген марапаттаудан бас тартып келгені белгілі. Дегенмен, 20 жыл өткеннен соң мемлекетіміздің тарихи датасын атап өту, оны тойға айналдырудың еш әбестігі жоқ. Президент сонау кеңес одағының қаңқасында қолымызға тиген егемендіктің туын көкке көтеріп, елдік іргетасты сапалы қалауға күш-жігерін паш еткен тұлға», - деді М. Нәрікбаев.
Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің тұңғыш басшысы секілді біздің Президенттің мойнына да ауыр әрі жауапты үлес тиді. Н. Назарбаев басқарушы ретінде партияның, мемлекеттің, басқарудың көпжылдық мектебінен өтті, мемлекеттік менеджмент жолын 1991 жылға дейін-ақ еңсерді. Сол жылдардың өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары санатты басқарушы ретінде мойындалған тұлға еді. Қайта құру кезеңінде Н.Назарбаевтың кандидатурасы Одақтас Республикалардың, ХХ ғасырдағы алып державаның Үкімет басшысы лауазымы деңгейінде талқыланғаны да кездейсоқтық емес», - деді ол.