Сондықтан да, әлеуметтік-экономикалық үдерістеріне әйел азаматтары белсене араласатын ел қарыштап дамиды. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «100 нақты қадам - Халықтық реформалар» тақырыбы бойынша өткен ғылыми-практикалық конференция барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.
«Ешбір мемлекеттік бағдарлама, кез келген саясат әйелдерсіз орындалмайды. Мемлекеттің дамуы әйел азаматтардың қоғамдық белсенділігіне тығыз байланысты. Өйткені, әйелдер қауымы - қоғамның ең қуатты бөлігі. Сондықтан да, әлеуметтік-экономикалық үдерістеріне әйел азаматтары белсене араласатын ел қарыштап дамиды. Ең дамыған елдерде әйелдердің білімі, біліктілігі едәуір жоғары. Олар кәсіпорындарды, мемлекеттік емес ұйымдарды басқарады. Мемлекеттік басқару секторында қызмет атқарады. Бұл заңды құбылыс», - деді Б. Байбек.
Сонымен қатар, қала басшысы Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды жүзеге асырумен қатар, Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын іске асыруда әйелдер қауымына үлкен үміт артатындығын жеткізді.
«Біз әйел азаматтардың қатысуынсыз қаламыздың тиімділігін арттыра алмаймыз. Қаланың тұрақты дамуы өте маңызды мәселе. Бүгінгі таңда Алматының аумағы екі есеге ұлғайды. Жыл сайын қала халқы 3 пайызға артып келеді. Сондықтан, қала тұрғындарының белсене қатысуынсыз жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сол үшін де мемлекет тарапынан әйел азаматтардың бизнеске келуіне барынша қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласына берілетін несиелердің 20 пайызын әйелдер алады. Сәйкесінше, қаладағы барлық шағын және орта бизнес субъектілері мен үкіметтік емес ұйымдардың 30 пайызын әйелдер басқарып келеді. Бұл қаланың дұрыс бағытта дамып жатқандығының белгісі», - деді Б. Байбек.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Алтангерел Мунхтуя, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айта кетелік, маңызды да ауқымды конференцияның пленарлық жиынында 15-тен аса баяндама жасалды. Сонымен қатар, бүгінгі жиында бес институционалдық реформаны сапалы іске асыру, адами капиталды дамыту және кәсіпкер әйелдердің Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясындағы инновациялық жобаларына қолдау көрсету және тағы басқа да мәселелер талқыланды.