«Қысқаша жауап берсек, мемлекет экономикаға килігуін шектеп, бизнеске көбірек орын қалдыруы керек деп ойлаймын. Бұл тұрғыда Үкіметтің 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары бар. Осы жоспарды сапалы орындаса, үлкен серпіліс болар еді. Сөз жоқ, экономиканы әртараптандыруымыз керек. Қазақстан әу бастан соны көздеп келеді. Бірақ мұнай, газ, тау-кен өнеркәсібінің үлесі әлі де басым. Ал ауыл шаруашылығы, туризм, тасымал нарығы, Еуропа мен Қытай арасындағы стратегиялық жағдайды тиімді пайдалану бағытында үлкен әлеует жатыр. Осы салаларға көңіл бөліп, жаңа инвесторлар тарту керек. Астана халықаралық қаржы орталығын көбірек іске тарту керек. Соңғы үш жылда Астана халықаралық қаржы орталығы 6 млрд доллар инвестиция тартты. Жақында сол инвесторлар Қазақстанға келеді. Бұл нақты жетістік және осы бағытта жылжи беруіміз қажет», - деді ол «Ұлт мүддесі» бағдарламасында.
Оның айтуынша, экономика мемлекеттік үстемдіктен жеке бастамаға өтуі үшін саяси жігер мен техникалық сараптама, тиімді менеджмент, ынталандыру және көтермелеу жүйесі қажет.
«Экономика нарыққа бағдарланған сайын, нарық пен адамдар өзгереді. Олар мемлекетке қарағанда нарыққа көбірек сенім артады. Мемлекет – реттеуші, «супер қаһарман». Тасада тұрып тындыруы керек. Сөйте тұрып, нақты мұқтаждықтар мен қажеттіліктерге жауап беруге тиіс. Президентіміз осындай ұстанымға бет алды және оны бұл істе қолдауымыз керек», - деді Сума Чакрабарти.