Мемлекеттің инновациялық дамуы көрсеткішін мониторингтеу үлкен маңызға ие - ҚР Статистика агенттігі

АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанның статистика агенттігі алдағы уақытта Қазақстанның инновациялық даму көрсеткішін мониторингтеуді жүзеге асырады.

Бұл туралы бүгін Алматыда басталған «Орталық Азиядағы ғылыми-технологиялық индикаторларды жетілдіру» атты халықаралық семинар барысында ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Жасер Жарқынбаев айтты.

Оның айтуынша, елде «Қазақстан 2030» даму стратегиясының екінші кезеңі басталды. Ел үкіметі алдына экономиканы жаңарту мен оның инновациялық дамуын қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Бұл бағытта «Өнімділік-2020», «Инвестор-2020» бағдарламалары жүзеге асырылуда. «Өнімділіктің арттырылуы экономикалық өсімнің маңызды факторы болып саналады, онсыз елдің инновациялық дамуы мүмкін емес. Бұл бағытта инновациялық ғылым мен технология көрсеткіштерін мониторингтеу басымдылыққа ие», - деді Ж.Жарқынбаев.

Агенттік төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, қазірде агенттік алдында ҚР Үкіметінің инновациялық саланың дамуы туралы ақпарат жинау жөніндегі маңызды міндеті тұр. «Біздің міндетіміз мониторинг көрсеткіштерін жинау қана емес, сонымен қатар үкіметті әлемдік соңғы тенденциялар мен жаңа индикаторлар туралы уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру деп білеміз», - деді Ж.Жарқынбаев. Оның айтуынша, агенттік бұл бағытта бірқатар жұмыстарды бастауда. Атап айтқанда «Осло», «Фраскати» әдістемелеріне негізделген көрсеткіштер енгізілмекші.