Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, осы мақсатта жергілікті бюджеттен соңғы 10 жылда бірінші рет қаржы бөлінген.
«Осылайша, Алматының мемлекеттік архиві планетарлық типтегі көпформатты жеті сканер, А3 және А2 форматындағы көп ағынды жеті сканер, объектілердің 3D интерактивті кескінін жасауға арналған жүйе, микрофильмге арналған COM жүйесін, микрофильм оқуға арналған жабдықты, кең форматты плоттерді, электр гильотинін, құжаттарды қалпына келтіруге арналған пресс жабдығын, жарық үстелін, қағаз және пергамент бетіндегі құжаттарды қалпына келтіруге арналған мультифункционалды жабдықты, сондай-ақ 110 моноблок пен 34 компьютер сатып алды»,- дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол архивте қағаз бетіндегі және аудиовизуалды құжаттарды цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
«Қағаз құжаттарды цифрлық форматқа көшіру – уақыт талабы. Қала әкімі Ерболат Досаев сала өкілдеріне үлкен қолдау көрсету үшін бірқатар шешім қабылдады. Мәселен, соңғы екі жылда архивтегі материалдық-техникалық база жаңарып, мамандардың жалақысы 30%-ға өсті. Сондай-ақ мекемедегі стационарлық сөрелердің орнына мобильді сөрелер алынды. Сол арқылы құжат қабылдау және сақтау орны кеңейді», – деді Ғани Майлыбаев.