Мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру қағидалары өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру қағидаларына өзгерту енгізетін Жарлыққа қол қойды.

Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Құжатқа сәйкес, республикалық мемлекеттік архивтердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының басшылары архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға «Ұлттық» мәртебе беру туралы өтінішхат береді.

Уәкілетті орган өтінішхаттың қарауға қабылданғаны туралы хабарламаны тиісті республикалық мемлекеттік архивке немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына олар келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жібереді.

Анық емес деректер ұсынылған және құжаттар тізбесі толық ұсынылмаған кезде өтінішхат қарауға қабылданбайды және қараудан бас тарту себептері көрсетіліп, келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде тиісті жергілікті атқарушы органына қайтарылады.

Жарлық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

Бұған дейін екі мемлекеттік архивке «Ұлттық» мәртебе берілетінін жазған едік.