Мемлекеттік білім гранттары 99 пайызға игерілді – Саясат Нұрбек

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл мемлекеттік білім гранттары 99 пайызға игерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

– Биыл ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Оның ішінде 160 мың адам немесе 76 пайызы шекті балды еңсерді. Мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді. Биыл бакалавриат, магистратура, докторантураны есептегенде 93 мыңнан астам грант, оның ішінде 77 мыңнан астам грант бакалавриатқа бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99 пайыз көлемінде игерілді, - деді ол.

Саясат Нұрбек Президент тапсырмасына сәйкес, студенттерді қолдау аясында 2020 жылмен салыстырғанда студенттердің шәкіртақысы 2 есеге ұлғайғанын атап өтті.

– Жыл сайын 300 сараланған грант, пайызсыз несиелер беріледі. Биылдың маңызды жаңалығы – «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді. Мемлекеттік білім беру жүйесі аясында 134 мыңнан астам шот ашылды. Оның ішінде 34 768 салым «Келешек» жинақтау жүйесінің құралдарымен қосылды. Маңызды ақпарат – талапкерлерге мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлінетінін атап өткім келеді. Әкімдіктердің – 1 700-ден астам, жұмыс берушілердің – 400, Қазақстан халқына қорының – 500, ЖОО өздері бөлетін – 2 200 грант, - деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Саясат Нұрбек жоғары білім саласындағы 2 рекордты атағанын жазған едік.