Мемлекеттік грант бойынша оқыған педагогтердің 90 пайызы жұмыссыз қалған — аудит

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен мемлекеттік грант бойынша білім алған педагогтердің 90 пайызы неге жұмысқа орналаспай жатқанын сұрады.

Депутаттың айтуынша, мұндай мәлімет Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында көрсетілген.

— Аудит деректері бойынша, педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдар бойы нақты қажеттілікті есепке алмай қалыптастырылған. Мысалы, 2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, 22023 жылы 9,3 есе артқан. Үш жыл ішінде бұған бюджетті 31,8 млрд теңге немесе 13,905 қосымша гранттың артық шығынына ұшыратқан. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналаспаған, — деді депутат.

Саясат Нұрбек шын мәнінде мемлекеттік грант бойынша оқыған түлектердің 35 мыңы жұмыссыз қалғанын айтты.

— Дәл солай, 90 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілмеді деген ақпарат берілді. Оның ішінде 35 мыңы жұмыссыз және 60 мың түлек туралы ақпарат берілмеген деген ақпарат болды. 60 мың түлектің дерегін толыққанды беруге дайынбыз. Олар жұмысқа орналастырылды. 2022-23 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс толыққанды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің демографиялық деректерімен сәйкестендірілді, — деді министр.

Бұл мәселеге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та араласып, министрге бюджет ақшасын жұмсалатын шаруға ықтиятпен қарау керектігін ескертті.

Жалпы Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді