Мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыны өсті - Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қарызға түсетін жүктеме назар аударатын негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы Ұлттық банктің қаржы және нақты активтер нарығын талдау басқармасының басшысы Талғат Жарқынбай Ұлттық банктің сараптамалық-талдамалық пікірталас клубының отырысында айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстардың үлесі 4%-дан 6%-ға дейін өскен.

- Қарыз алушыға шаққандағы орташа берешек халықтың номиналды табысының өсу қарқынынан жоғары қарқынмен өсіп келеді, – деді Талғат Жарқынбай.

Сонымен қатар спикердің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы 2,5%-ды құрап, бұл Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген шекті мәндер аясында қалды.

Сонымен қатар ЖІӨ-ге шаққандағы мұнайлық емес тапшылық 8%-дан 7%-ға дейін төмендеген.

Талғат Жарқынбайдың айтуынша, 2025 жылы Ұлттық қор рекордтық инвестициялық табыс көрсетті. Оның көлемі шамамен 10 млрд АҚШ долларына жетті.

- Алайда бұл ретте фискалдық кеңістіктің тарылып келе жатқанын атап өткен жөн, – деді ол.

Оның сөзінше, біріншіден, бюджет шығыстары кірістерден жоғары қалып отыр. Сонымен қатар қорлардың өсімі ЖІӨ-нің номиналды өсу қарқынынан баяу, ал қарыздық қаржыландыруға деген жалпы қажеттілік артып келеді.

- 2025 жылы қарыз алу қажеттілігі 8 трлн теңгеден асты. Ал алдағы 2026 және 2027 жылдары бұрын шығарылған мемлекеттік қарыздар бойынша өтеу көлемі шарықтау шегіне жетеді деп күтіледі. Бұл бюджет тұрақтылығының күтпеген күйзелістерге төзімділігін төмендетуі мүмкін, – деді Талғат Жарқынбай.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы белсенділігін сақтаған. Мемлекеттік бағалы қағаздар негізінен ұлттық валютада орналастырылды.

- Бірінші жартыжылдықта негізгі сұраныс корпоративтік сатып алушылар мен корпоративтік инвесторлар тарапынан болды. Нарық қатысушылары Салық кодексіндегі өзгерістерге және реттеушілік талаптардың өзгеруі жөніндегі күтулерге байланысты біршама күту ұстанымында болды, – деді ол.

Алайда 2025 жылдың екінші жартысында нарықтағы сұраныс қайта қалпына келген. Бұл ретте сұраныс негізінен орта және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарға бағытталды.

Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы инвесторлар құрамының кеңейіп келе жатқаны байқалады.

- Мәселен, мемлекеттік бағалы қағаздардағы бейрезиденттердің үлесі 4%-дан 6,5%-ға дейін өсті. Бұл өсім негізінен қайталама нарықтағы операциялар есебінен қамтамасыз етілді, – деді Талғат Жарқынбай.

Айта кетейік, осы пікірталаста тұрғын үй бағасы бір жылда қалай өзгергенін талдаған еді.