Ерлан Қарин: Балалардың қауіпсіздігі үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізіп жатырмыз

АСТАНА.KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші әлеуметтік салаға цифрлық құралдарды енгізудің маңызын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева отбасы, әйел және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жұмыс істейтін бірыңғай «111» байланыс орталығының қызметімен танысты

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылау барысында Ерлан Қарин салаға жаңа цифрлық құралдарды енгізу қажет екенін атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші әлеуметтік саладағы нақты міндеттерді іске асыру кезінде цифрлық технологияларға негізделген қарапайым смарт-шешімдер кеңінен қолданыла бастағанын айтты.

– Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мектептерге дәстүрлі телефон қоңырауларына заманауи балама ретінде QR-кодтарды орналастыра бастадық. Жаңа тәсіл мыңдаған балаға білікті психологиялық көмектің уақтылы көрсетілуіне, ал жекелеген жағдайларда қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді, – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ азаматтардың E-otinish және E-gov цифрлық платформалары арқылы жолдаған өтініштерін талдау жұмысы белсенді қолданыла бастады. Халықтың нақты сұранысын саралау негізінде мемлекеттік органдар азаматтардың мүддесіне сай жүйелі шешімдер қабылдап жатыр.

– Цифрлық технологияларға негізделген жаңа тәсілдердің барлығы өз нәтижесін беріп, мемлекет қабылдайтын шешімдердің тиімділігі мен жеделдігін арттыруда. Сондықтан қоғамдық коммуникациялар саласында цифрлық құралдарды барынша белсенді енгізу қажет, – деді Мемлекеттік кеңесші. 

Айта кетелік Динара Закиева балаларды қорғау саласындағы ең маңызды оқиға – Бала құқығын қорғау басқармаларының құрылуы екенін айтқан еді