Мемлекеттік кеңесші ішкі саясат мәселелері жөнінде кезекті республикалық кеңес өткізді

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Жиынға Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімдерінің басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік басқармалардың жетекшілері қатысты.

Фото: А0орда

Ерлан Қарин кеңесте сөйлеген сөзінде Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталатынын, еліміз жаңа, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшетінін атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші жаңа даму кезеңінің басты ерекшелігі қоғамдық үдерістердің жаңғыруында, жаңа қоғамдық күштер мен жаңа тұлғалардың қалыптасуында екенін айтты. Сол себепті жүргізіліп жатқан реформалар мен өзгерістер ауқымы және маңызы жағынан соңғы онжылдықтардағы ең ірі қоғамдық-саяси үдерістердің бірі саналады.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңарулар мен жаңғырулардың мән-маңызына тоқталды.

-Қоғам реформалар мен өзгерістердің нәтижелілігін, қажеттілігі мен маңызын нақты сезініп отыр. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы стратегиясының айналасына топтасушы азаматтар санының арта түсуіне жол ашты. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген қоғамдық сенім рейтингінің жоғары, яғни, 86,7 пайыз болуы дәлелдеп отыр. Реформалардың нәтижесін басқа да әлеуметтік сауалнамалар қуаттай түсуде. Олардағы статистикалық деректерге сүйенсек, азаматтардың 84 пайыздан астамы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бірақ қол жеткізілген нәтижелермен шектеліп, қарқынды бәсеңдетпей, әрдайым алға ұмтылу керек. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың сұраныстарына дер уақытында әрі лайықты жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, – деді Ерлан Қарин.

Кеңес барысында жаңа конституциялық қағидаттарды орнықтыру, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылармен байланысты жандандыру, мәдени-гуманитарлық, ақпараттық, отбасы және жастар саясаты мәселелері қаралды.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын нақты жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Соңғы 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығуға өтініш бергендер саны 40 есеге жуық азайды.