Құжатты талқылау кезінде Палата спикері Мәулен Әшімбаев Мемлекет қызмет істер жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Салауат Сыйлыбаевтан заңдағы туыстардың бір қызметте істеуін шектейтін нормаларды нақтылауды сұрады.
- Шектеудің төрт түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Біріншіден, басшының тікелей бағынысында онымен туыс адамдар жұмыс істей алмайды деген қазір де бар норма күшін сақтайды. Екіншіден, ұсынылатын заң бойынша, басшы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелеріне жақын туыстарын тағайындай алмайды. Тіпті тікелей бағынышты болмаса да, тағайындай алмайды. Бұған дейін осындай практика мәселе болған. Басшының орынбасары жауап беретін саладағы департамент директорлығына өз туысын тағайындап, бұл менің қадағалауыма атпайтын сала деп жалтаратын. Тағайындау ғана емес, мұндай қатынаста бір қызметте жүре де алмайды, - деді ол.
Оның айтуынша, заңнамаға «жауапты сала» ұғымы енгізіледі.
- Басшы жауапты салада ешқандай жақын туысы болмау керек.
Төртіншіден, ведомстволық бақылаудағы қызметтерде де туыстық қатынасқа шектеу қойылады. Мемлекеттік органдардың ішкі қауіпсіздік, ішкі аудит қызметтері болады. Осы салада да туыстардың бір салада қызмет етуіне шектеу қойылады. Мысалы, республикадағы басшының туысы облыстағы, аудандағы салаларында жұмыс істей алмайды. Басқаша айтсақ, іші қауіпсіздік саласының басшысы облыстық немесе аудандық деңгейде дәл сондай қызметті атқаратын туысы болса, ол қызметінде жұмыс істей алмайды, - деді Салауат Сыйлыбаев.
Бұған дейін прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қабылдау ережесі өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.