Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өседі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы мен ілеспе құжат мақұлданды. 

Жаңа заң 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген.

— Жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтегі білікті салалық мамандардың тапшылығын толтыруға, сондай-ақ мемлекет ұсынатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін және азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қанағаттану деңгейін арттыруға, осылайша азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, — деді сенатор Евгений Больгерт.

Аталған заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға және кәсіби мамандарды ұстап қалуға бағытталған шаралар қарастырылған. Мәселен, олардың жалақысы кемінде үш жылда бір рет индекстеліп, нарыққа байланысты көтеріледі. Сондай-ақ, әлеуметтік кепілдікке айрықша назар аударылған.

— Мемлекеттік қызметші басқа елдімекенге ауыстырылса, оған арнайы төлемдер, соның ішінде көтерме жәрдемақы төленеді және көшу шығындары өтеледі. Егер 25 жылдық жұмыс өтілі және мемлекеттік немесе ведомстволық марапаттары болса, зейнетке шыққанда, 4 айлық мөлшерінде бір реттік сыйақы беріледі, — деді депутат.

Бұдан бөлек, еңбек демалысына ақы төленетін қосымша күндер қосылады. Оның ұзақтығы мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне байланысты: 10 жыл болса — үш күн, 15 жыл болса — бес күн, 20 жыл болса — он күн қосымша демалыс қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар айқындалғанын жазғанбыз.