Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар айқындалды — заң

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, құжаттың негізгі міндеттерінің бірі — сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделіне көшу, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, сондай-ақ HR-процестерді цифрландыруды қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар айқындалды. Олардың ішінде — қазақстандық патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік және мінсіз бедел, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік.

— Заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ білікті кадрларды тартуға және ұстап қалуға бағытталған бірқатар шара көзделген. Оның ішінде бір лауазым аясында мансаптық өсудің деңгейлес тетігін енгізу, ол еңбекақы төлеу жүйесімен үйлестіріледі. «Б» корпусының бір мемлекеттік әкімшілік лауазымы шеңберінде лауазымдық деңгейлер белгіленетін болады, тиісінше әрбір деңгей үшін лауазымдық жалақының мөлшері белгіленеді. Пилоттық жоба Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, Астана қаласының және Атырау облысының әкімдіктерінде 2 жылға енгізіледі, — делінген комитет ақпаратында.

Сонымен қатар:

— Үкімет айқындайтын тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің жалақыларын кемінде үш жылда бір рет индекстеу тетігін белгілеу;

— қызмет бойынша бір елді мекеннен екінші елді мекенге ауысқан не мемлекеттік органның орны ауыстырылған жағдайда тұрғын үй төлемдерін, көтерме жәрдемақыны, олардың мүлкін тасымалдауға жұмсалған шығыстардың өтемақысын беру;

— ротацияланған, орны ауыстырылған немесе басқа елді мекенге ауыстырылған мемлекеттік қызметшілердің балаларын балабақшаларға кезектен тыс қабылдау;

— мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әзірленген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу;

— мемлекеттік қызмет өтілі 25 жылдан кем емес, мемлекеттік наградамен немесе уәкілетті органның ведомстволық наградасымен наградталған мемлекеттік қызметші зейнетке шыққан кезде оған төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы беру;

— үстеме жұмыс уақытында, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы кепілдіктерін белгілеу;

— мемлекеттік қызметшіге міндетті түрде демалыс кестесіне сәйкес жыл сайынғы еңбек демалысын беру;

— мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты ақы төленетін қосымша демалыс күндерін, сондай-ақ қысқа мерзімді демалыс беру қарастырылған.

Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақытының режимі регламенттелген. Күнделікті жұмыстың ұзақтығы сегіз сағатқа дейін белгіленеді. Қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. Жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-аналардың бірінің, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтім жасауды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимі белгіленеді.

Одан бөлек, әділ, инклюзивті және әлеуметтік бағдарланған мемлекетті дамытуға бағытталған нормалар қабылданды. Түзетулер мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік лауазымға орналасуына шектеуге жол бермеуді көздейді.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Мәжіліс «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.