Мемлекеттік қолдау ережелері өзгерді: бизнеске жаңа талаптар қойылды

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шараларын реттейтін құқықтық актілер өзектілендірілді. Оған сәйкес қолдау алған компаниялар мемлекет алдында қарсы міндеттемелер қабылдайды. Тиісті жұмыс Жоғары аудиторлық палата нұсқамасы бойынша жүргізілді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатасы мәлім етті.

Фото: Жоғары аудиторлық палата

Мұндай шаралар қабылдау қажеттілігі Жоғары аудиторлық палата жүргізген бизнесті мемлекеттік қолдау тиімділігіне аудит қорытындысы бойынша анықталды.

— ҚР Сауда және интеграция министрлігіне өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларын жаңарту тапсырылды. Атап айтқанда: экспорттық және экспорт алдындағы қаржыландыру, сақтандыру, қайта сақтандыру және шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі мәмілелерге кепілдік беру түріндегі қолдау шараларын алатын компаниялар үшін қарсы міндеттемелерді нақты белгілеу тапсырылды, — делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда барлық қажетті түзету күшіне енді.

— Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата ұсынымы бойынша Сауда министрлігі ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларына түзетулер енгізді. Олар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Атап айтқанда, қолдау алу үшін қажетті құжаттардың толық тізбесі анықталды, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беру шарттарының үлгілік нысандарына, сондай-ақ ішкі сауда субъектілерінің қарсы міндеттемелерді орындауын бақылау тәртібіне өзгерістер енгізілді, — деп хабарлады палатадан.

Бұл өзгерістер мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыруға, оның формальді пайдаланылу тәуекелін төмендетуге және бюджеттік салымдардан түсетін қайтарымды арттыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, жеке компаниялар енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сақтандыру шарттарын өз қарыздарын қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалана алмайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы негізінде тиісті өзгерістерді бекітті.